2026 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Экономикалық өсім және экологиялық жауапкершілік: басымдық па, әлде тепе-теңдік пе?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғау және Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, қаладағы шу деңгейін төмендету, топырақ пен су ресурстарын қорғау, өзендер мен көлдердің экологиялық жағдайын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару және қаланы қоқыстан тазарту мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар жерасты суларын ұтымды пайдалану, табиғи ресурстарды сақтау, қоршаған ортаға түсетін антропогендік әсерді азайту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары қарастырылды.
Дөңгелек үстелге экология, биология, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, география және тұрақты даму салаларының жетекші мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен экобелсенділер, сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, География және су қауіпсіздігі институты, Ботаника және фитоинтродукция институты, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және Алматы қаласын дамыту орталығының өкілдері қатысты.
Іс-шараға С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бегимбетова Г.А. қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар экономикалық дамуды қамтамасыз ету мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тиімді тепе-теңдікті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ тұрақты даму қағидаттарын сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті арттыру бойынша бірлескен ғылыми және практикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.




