«Қоғамдық денсаулық сақтау» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Жұқпалы аурулар ауруханасындағы ғылыми тағылымдамасы

2026 жылғы 1-7 маусым аралығында «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының қызметкерлері – профессор міндетін атқарушы Аимбетова Гульшара Ергазыевна, қауымдастырылған профессор Бегимбетова Гульшат Алтаевна, профессор ассистенті Мусина Майра Сакыпкерейкызы және лектор Рамазанова Маншук Анеровна Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Жұқпалы аурулар ауруханасында (ШҰАА Алтыншы халық ауруханасы, Үрімші қаласы) ғылыми тағылымдамадан өтті.

Сапардың мақсаты қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасу, медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін зерделеу және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту болды.

Тағылымдама бағдарламасы аясында аурухана басшылығымен және мамандарымен кездесулер өткізіліп, медициналық ұйымның негізгі қызмет бағыттары таныстырылды. Кездесулер барысында жұқпалы аурулардың алдын алу және бақылау, халыққа медициналық көмек көрсету, медициналық кадрларды даярлау және болашақ ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қатысушылар аурухананың мамандандырылған бөлімшелерінің, диагностикалық және зертханалық қызметтерінің жұмысымен танысып, жұқпалы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологияларын, сондай-ақ пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жүйесін зерделеді. Эпидемиологиялық қадағалау, инфекциялық бақылау және денсаулық сақтау практикасына инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындауға, оқытушылар мен білім алушылардың академиялық алмасуын дамытуға, сондай-ақ халықаралық ғылыми-білім беру бағдарламаларына қатысуға өзара қызығушылықтарын білдірді.

Тағылымдама қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа кәсіби білім мен практикалық тәжірибе жинақтап, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Жұқпалы аурулар ауруханасы арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтты.