Кафедраның тарихы

Еңбек гигиенасы курсы бар тамақтану кафедрасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 1993 жылғы 27 қазандағы №446 бұйрығы және ҚазҰМУ Ғылыми кеңесінің 1993 жылғы 16 қарашадағы шешімі негізінде құрылды. 1994 жылғы 1 қыркүйекте ресми түрде тамақтану кафедрасы ашылды.

Тамақтану кафедрасы 1994 жылы емдеу, педиатрия және медициналық-профилактикалық факультеттердің студенттерін «Емдік тамақтану» және «Тамақтану гигиенасы» пәндері бойынша даярлау, сондай-ақ болашақ мамандарда тамақтану саласындағы теориялық білім мен практикалық дағдыларды қалыптастыру мақсатында құрылды.

Академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының ұжымы келесі бағыттар бойынша белсенді жұмыс атқарады:

  • тамақтану саласындағы іргелі және қолданбалы медициналық-биологиялық зерттеулерге, сондай-ақ тамақ тапшылығының кең таралған түрлерінің алдын алуға қатысу;
  • тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған санитариялық нормалар мен стандарттарды әзірлеу;
  • салауатты тамақтану қағидаттарын жетілдіру және насихаттау;
  • тамақтану гигиенасы, нутрициология және диетология мәселелері бойынша дәрігерлер мен мамандарды даярлау;
  • халықтың әртүрлі топтарының тамақтануын ұтымдандыру бойынша әдістемелік көмек көрсету.

С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Ғылыми кеңесінің шешімімен 2010 жылғы 1 қыркүйектен бастап (2010 жылғы 26 қаңтардағы №5 хаттама) «Тамақтану» кафедрасы «Нутрициология» кафедрасы болып қайта аталды. Кейін кафедраның негізін қалаушы, академик Т. Ш. Шармановтың өмірден өтуіне байланысты, 2024 жылғы 24 қыркүйектен бастап (ҚазҰМУ Ғылыми кеңесінің 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №1 хаттамасы) кафедраға «Академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасы» атауы берілді.

Кафедраны ұйымдастырушы – әлемге танымал ғалым, РФ МҒА және ҚР ҰҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.
Қазақ ұлттық медицина университетінің нутрициология кафедрасы бұрынғы Кеңес Одағы мен ТМД елдері медициналық жоғары оқу орындарының тарихында алғаш болып ұйымдастырылды. Республикадағы барлық медициналық жоғары оқу орындарында нутрициология негіздерін, тамақтану гигиенасының өзекті мәселелерін, диетологияны және заманауи емшекпен қоректендіру мәселелерін болашақ жалпы тәжірибелік дәрігерлерге оқыту қажеттігін алғаш көтерген бастамашы – академик Т. Ш. Шарманов.

Шарманов Төрегелді Шарманұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдары академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Профилактикалық медицина академиясының және Қазақ балалар тағамы қорының президенті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ғылым саласы бойынша «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, сондай-ақ дүниежүзілік денсаулық сақтауды дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін ДДСҰ-ның Леон Бернар атындағы қоры сыйлығының иегері.
Ол – 1978 жылы өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі тарихи Халықаралық Алматы конференциясын ұйымдастырушылардың бірі. Аталған конференцияның декларациясы «ХХ ғасырдағы дүниежүзілік денсаулық сақтаудың Ұлы хартиясы» ретінде танылды.

1994 жылы кафедра ашылған күннен бастап оқу үдерісін алғашқы ұйымдастырушы медицина ғылымдарының кандидаты, кафедра доценті Ахметов М.А. болды.

1995–1999 жылдар аралығында кафедраның алғашқы профессоры З.К. Қонақбаева қызмет атқарды. Осы кезеңде кафедрада медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәулебекова М.С., медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мендіғалиева К.М. жұмыс істеді. Тамақтану гигиенасы курсын алғаш жүргізген ассистент – Ли М.В., ал балалар тағамы курсы бойынша – Имакова Г.У. болды. 2005–2013 жылдары кафедраның оқу ісі жөніндегі меңгерушісі медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Бужикеева А.Б. қызмет атқарды.

Әр жылдары кафедраны медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар Алдашев А.А., Бекбосынов Т.К., Балғымбеков Ш.А., Синявский Ю.А. басқарды.

Медициналық-профилактикалық факультет студенттері үшін бейіндік пән ретінде «Тамақтану гигиенасы» оқытылады. ҚР МЖМБС 3.08.388–2006 талаптарына сәйкес тамақтану кафедрасында келесі мамандықтар бойынша студенттер білім алады:

  • 051102 – «Қоғамдық денсаулық сақтау»,
  • 051301 – «Жалпы медицина»,
  • 051101 – «Мейіргер ісі» және т.б.

2010 жылдан бастап кафедрада «Нутрициология» пәні бойынша резиденттерді келесі мамандықтарда даярлау жүзеге асырылады: онкология, урология, акушерлік және гинекология, психиатрия, аллергология және клиникалық иммунология, кардиология және ревматология, хирургия, педиатрия, фтизиатрия, дерматовенерология. Негізгі бейіні бойынша кафедра медициналық-профилактикалық факультет құрамына кіреді.

Кафедрада оқу үдерісі қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетіндіктен, алғашқы күндерден бастап кафедра оқытушылар құрамын жинақтау пәнді жетік меңгерумен қатар қазақ және орыс тілдерін еркін білетін мамандарды конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асырылды. Осы міндетті табысты атқарып, жемісті еңбек еткен оқытушылар: доценттер Қайнарбаева М.С., Бықыбаева С.А., Хасенова Г.Х., Чуенбекова А.Б., Ушанская Е.Ю., Бердіғалиев А.Б., Қожахметова А.Н., Беисбекова А.К., сондай-ақ кафедра оқытушылары Ергешбаева Р.Б., Сержанова Г.Н., Аллиярова С.Т., Сүкенова Д.А., Таракова Г.А., Бакирова М.А., Қарагизова А.Б., Қалдыбай А., Джанбатырова А.Е.

Ғылымды дамытудың және медициналық білім беру сапасын арттырудың ортақ ұзақ мерзімді мақсаттарын басшылыққа ала отырып, 2010 жылы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қазақ тағамтану академиясы инновациялық-білім беру консорциумын құрды. Аталған консорциум аясында Тараптар интеллектуалдық, еңбек, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарды біріктіріп, білім беру, ғылым және практиканы интеграциялау арқылы медициналық білім беру сапасын арттыру мақсатында бірлесіп әрекет етуге міндеттенді.

Кафедраның оқу базасы академик Т. Ш. Шарманов жетекшілік ететін Қазақ тағамтану академиясы жанында орналасқан. Кафедра оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға жеткілікті заманауи техникалық оқыту құралдарымен, сондай-ақ қажетті оқу-әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз етілген.

2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін кафедраны медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қайнарбаева Майгүл Сейдуллақызы басқарып келеді. Ол – академик Т. Ш. Шармановтың шәкірті әрі ғылыми мұрагері.