2016 жылғы 30 қараша күні университетіміздің №4 дәрісханасында Х. Досмухамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау, медициналық профилактикалық,мейірбелік іс және менеджмент факультетінің ұйымдастыруымен 1-желтоқсан –Тұңғыш Президент күніне арналған «Бір Отан! Бір Тағдыр! Бір Елбасы!» атты салтанатты жиын өтті. Университет кітапханасы елбасымызға арналған кітап көрмесін ұсынды. Іс-шара басталмастан бұрын экранда елбасымыздың сүйікті әндері ойнап тұрды.
Жиынға университет оқытушылары, қызметкерлері қатысты. Елбасымыз жайлы шағын бейнематериал ұсынылды.
Мерекелік жиынның алғы құттықтау сөзі Университеттің Нұр Отан партиясы ұйымының төрағасы, профессор И.А.Кульманбетовке берілді.
Өзінің баяндамасында Алмалы ауданының саяси кеңес мүшесі, студенттермен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары А.А.Байзаханов мырза студенттерге елбасы жайлы естеліктерімен бөлісіп , елбасының тарихи тұлға екенін атап көрсетті.
Жастардың атынан сөз алған Х. Досмухамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау, медициналық профилактикалық,мейірбелік іс және менеджмент факультетінің Студенттік Үкіметінің төрағасы Оңғарова Дана елбасымыздың әрқашан жастарды қолдайтынын, осыған орай өз кезегінде жастар да елбасын әрдайым қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерттік бағдарламада университет студенттері өз өнерлерімен бөлісті. Елбасымыздың сүйікті әндері орындалып, студенттер өз шығармашылығынан өлең оқыды. Әсіресе «Ерке сылқым» күйі, скрипкада ойналған «Көзімнің қарасы» отырған жұртшылыққа ерекше шабыт сыйлады. Салтанатты жиын соңында барлығы естелік суретке түсті.