2025 жылғы 3-5 маусым аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Мейіргер ісі» кафедрасына PhD, Нагоя университетінің (Жапония) «Мейіргер ісі» кафедрасының доценті Юкари Такено келді.

Сапардың мақсаты: Қазақстандағы «Impacts on Diabetic Foot Ulcer Formation» халықаралық зерттеу жобасының ағымдағы жай-күйі мен перспективалық бағыттарын талқылау, сондай-ақ Нагоя Университеті мен ҚазҰМУ арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайту.

Юкари Такеноның сапары аясында:

  • Алматы қаласының «№6 қалалық емханасы» ШЖҚ КМК-да болып, онда Қазақстан Республикасының мейіргер қызметінің ұйымдастырылуымен және жұмыс істеуімен, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек жағдайындағы мейіргерлер қызметінің практикалық аспектілерімен танысты;
  • профессор А. Р. Чокиннің 100 жылдығына арналған «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі қоғамдық денсаулық сақтау» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында «Мейіргерлік білім: болашақ көшбасшыларын даярлау» секциясына қатысып, қазақстандық және шетелдік әріптестерімен пікірталастар өткізді;
  • «Мейіргер ісі» кафедрасының оқытушыларымен бірлескен ғылыми зерттеулердің әдіснамасы және мейіргер мамандарын даярлауда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Юкари Такеноның сапары халықаралық әріптестікті кеңейтудегі, білім алмасудағы және Қазақстандағы мейіргерлік білім мен ғылым жүйесіне озық тәжірибені енгізудегі маңызды қадам болды.